«Шығыс» алдын алу медициналық орталығы» медициналық мекемесі.

«Шығыс» алдын алу медициналық орталығы» медициналық мекемесі.

«Шығыс» алдын алу медициналық орталығы» медициналық мекемесі.

Мекеменің қызмет пәні болып салауатты өмір салтының мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарды толық ақпараттандыру арқылы жеке адамға және қоғамды толығымен алғанда өз денсаулығына жаңадан қарым қатынасты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау табылады.
Мекеменің қызмет мақсаты және негізгі бағыттары болып табылады:
  • Әзірлеу және іске асыру
    Салауатты өмір салтын, аурудың алдын алу, қауіп факторларын қалыптастыру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
  • Атқарушы органдармен ынтымақтастық
    Салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламаларын жүзеге асыруда барлық бөлімдермен, жергілікті атқарушы органдармен сектораралық ынтымақтастық;
  • Жаңа технологияларын енгізу
    Халықтың түрлі топтарының денсаулығын жақсартудың жаңа технологияларын жасау және енгізу;
  • Халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс
    Халықтың әр түрлі топтарымен салауатты өмір салтының қағидаларын қалыптастыру және жүзеге асыру, әлеуметтік маңызы бар аурулардың, қауіп факторларының алдын алу және жаман әдеттермен күрес, дене шынықтыру және спорт;
  • БАҚ-мен жұмыс
    Салауатты өмір салтын насихаттау үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс;
  • Салауатты өмір салтын насихаттау
    Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдарға салауатты өмір салтын насихаттау бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда көмек көрсету;
  • Бақылау
    Әрбіреуінің денсаулық жағдайын бақылау;
  • Сауықтыру жұмыстары
    Тұрғындарды сауықтыру бойынша жұмыстарды жүргізу;
  • Шараларды ұйымдастыру
    Денсаулықты сақтауға және нығайтуға пациенттерді үйрету бойынша қолданылатын шараларды ұйымдастыру.
Жаңалықтар
Мектепке күйзеліссіз бейімделу.
Оқу жылының басталуы тек бірінші сынып оқушылары үшін ғана емес, барлық жастағы балалар үшін маңызды кезең. Жаңа сынып, жаңа мұғалімдер, оқу талаптары, күн тәртібі және әлеуметтік орта балаға эмоционалдық тұрғыдан елеулі жүктеме түсіреді. Сондықтан мектепке бейімделу үдерісіне ерекше көңіл бөлген жөн.
Мектепке бейімделу дегеніміз не? Бейімделу – баланың жаңа өмір жағдайларына біртіндеп үйрену үдерісі. Ол бірнеше бағытты қамтиды: психологиялық – өзін оқушы ретінде қабылдау, эмоциялық – қобалжу мен алаңдаушылықты жеңе білу, әлеуметтік – сыныптастарымен және мұғалімдермен жақсы қарым-қатынас орнату, физиологиялық – жаңа күн тәртібі мен оқу жүктемесіне ағзаның бейімделуі. Әр бала бұл кезеңнен әртүрлі өтеді. Кейбірі тез үйренсе, енді біріне бірнеше апта, тіпті бірнеше ай қажет болуы мүмкін.
Неліктен күйзеліс пайда болады? Мектеп – баланың өміріндегі үлкен өзгеріс. Ол мектепке қуана барса да, ішінде табиғи алаңдаушылық болуы мүмкін: қателесіп қалудан қорқу, мұғалімнің немесе сыныптастарының бағалауынан қысылу, өз күшіне сенімсіздік, жаңа ережелер мен міндеттер, үйреншікті күн тәртібінің өзгеруі. Бұл – еркелік емес, баланың жаңа ортаға бейімделуге тырысуының табиғи көрінісі.
Ата-аналар қалай көмектесе алады?
1. Баламен эмоциялық байланысты нығайтыңыз. Күн сайын баламен сөйлесуге уақыт бөліңіз. Тек «Қандай баға алдың?» деп емес, мынадай сұрақтар қойыңыз: Бүгін сені не қуантты? Бүгін ең қиын болған нәрсе қандай? Бүгін өзіңді не үшін мақтан тұтасың? Осындай әңгімелер балаға өз сезімдерінің маңызды екенін сезіндіреді.
2. Мінсіз нәтиже талап етпеңіз. Оқудың алғашқы апталарында басты мақсат – жоғары баға емес, мектеп өміріне сәтті бейімделу. Егер бала ата-анасының махаббаты оның бағасына байланысты емес екенін сезінсе, оның мазасыздығы айтарлықтай азаяды.
3. Күн тәртібін сақтаңыз. Уақытылы ұйқы, дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу және демалыс жүйке жүйесінің оқу жүктемесіне жеңіл бейімделуіне көмектеседі.
4. Эмоцияларды басқаруға үйретіңіз. Балаға өз қорқынышы мен уайымы туралы ашық айтуға мүмкіндік беріңіз. Мысалы: «Уайымдама, ештеңе етпейді» деудің орнына, «Сенің қазір қобалжып тұрғаныңды түсінемін. Қалай жеңуге болатынын бірге ойланайық» деп айту әлдеқайда тиімді.Бала өз эмоцияларының қабылданатынын сезінгенде, оларды жеңіл еңсереді.
5. Басқа балалармен салыстырмаңыз. Салыстыру көбіне баланы ынталандырмайды. Оның орнына өз жетістіктерін байқаңыз: «Бүгін сен кешеге қарағанда жақсырақ орындадың.» Бұл өзіне деген сенімділік пен ішкі ынтаны қалыптастырады.
Қандай белгілерге назар аудару қажет? Кейде бейімделу үдерісі қиынырақ өтуі мүмкін. Мұндай жағдайда психологтың көмегіне жүгінген дұрыс: мектепке барар алдында жиі басының немесе ішінің ауыруына шағымданса, ұйқысы бұзылса, көңіл күйі ұзақ уақыт төмен болса, мектепке барудан бас тартса, жиі жыласа, қатты мазасызданса, тұйықталып немесе ашушаң болып кетсе. Мұндай белгілерді ерте байқау балаға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ересектер нені есте сақтауы керек? Балалар ата-анасының көңіл күйін өте жақсы сезінеді. Егер ересектер үнемі бағалар туралы алаңдап, қобалжып жүрсе немесе мектепке қатысты жағымсыз эмоцияларын жиі білдірсе, бала да сол күйді қабылдайды. Сабырлылық, түсіністік және қолдау – бала үшін ең сенімді тірек.
Қорытынды: Мектепке бейімделу – мінсіз өтуі тиіс сынақ емес, баланың өміріндегі жаңа кезеңге табиғи түрде үйрену үдерісі. Бұл уақытта балаға ең қажет нәрсе – өзін түсінетін, тыңдайтын және қолдайтын жақын жандардың болуы.

Ата-ананың мейірімі, қамқорлығы және сөзсіз қабылдауы баланың өзіне деген сенімін арттырып, мектеп өміріне қызығушылықпен бейімделуіне көмектеседі. Осындай қолдаудың арқасында бала қиындықтарды жеңіл еңсеріп, жаңа білім мен мүмкіндіктерге сеніммен қадам басады.



Гипоаллергенді тұрмыс: аллергиясы бар бала үшін қауіпсіз ортаны қалай жасауға болады

Тұрмыстық аллергия — біздің заманымызда жиі кездесетін және айтарлықтай жағымсыз құбылыс. Ал қазіргі уақытта адам өмірінің 90%-ын ғимарат ішінде өткізеді.
Тұрмыстық аллергияның дамуында шаң маңызды рөл атқарады. Ол әртүрлі тектегі ұсақ бөлшектерден: тері қабыршақтары мен бактериялардан, саңырауқұлақ споралары мен жануарлардың қайызғағынан тұрады. Бұл әлі ұзақ тізімнің басы ғана.
Бірақ ең жиі кездесетін триггер — шаң кенесі. Ең көп таралған түрі, Dermatophagoides pteronyssinus, шаң үлгілерінің 90%-дан астамында кездеседі. Таралу жиілігі бойынша екінші орында — Dermatophagoides farinae. Көлемі 0,5 мм-ге дейінгі бұл кішкентай өрмекшітәрізділер қалай болғанда да әрдайым бізбен бірге өмір сүреді. Дегенмен, егер пәтер кеңістігін сауатты ұйымдастырып, үйді дұрыс жинаса, олармен жанасуды барынша азайтуға болады.
Егер Сіздің үйіңізде аллергиясы бар адам тұрса, мынадай бірнеше практикалық кеңесті ұсынамыз:
·         Шаң жинайтын заттардан арылу: Пәтерді шаң оңай қонатын заттардан босату қажет. Көлемді кілемдерді, жұмсақ ойыншықтарды, ауыр перделерді, ескі (оқылған) кітаптар мен журналдарды және т.б. алып тастаған жөн. Аллергиясы бар адамның пәтеріне жануарлардың терісін (тері кілемдерін) төсеуге қатаң тыйым салынады.
·         Күнделікті ылғалды тазалау: Пәтердегі (үйдегі, кеңседегі) ылғалды тазалау жұмыстары күнделікті жүргізілуі тиіс. Көптеген дәрігерлер бұл үшін арнайы шаңсорғыштар мен қосымша құралдарды пайдалануды ұсынады. Бөлмені балалардың көзінше жинауға кеңес берілмейді.
·         Заттарды жабық сақтау: Шаң көп жиналатын заттарды (төсек-орын жабдықтарын, кітаптарды, маусымдық емес киімдерді) тек шкафтың жабық бөлімдерінде сақтау керек.
·         Ауа тазартқышты қолдану: Ауа тазартқышты пайдалану мақсатты әрі тиімді болып табылады. Ауа тазартқыш тәулік бойы (әсіресе өсімдіктер гүлдеген кезеңде) жұмыс істеп тұруы керек! Ұйықтау кезінде жатын бөлмені таза ауамен қамтамасыз етіңіз. Күндізгі уақытта бөлмені қажеттілігіне қарай желдетіп отырыңыз. Бөлмедегі ылғалдылықтың оңтайлы деңгейін (шамамен 60%) сақтаңыз. Қажет болса, ауа ылғалдандырғыштарын қолданыңыз.
·         Бөлме өсімдіктерін азайту: Бөлме өсімдіктерінің санын барынша азайтыңыз. Үй гүлдерінің құмырасындағы топырақ зең саңырауқұлақтарының көбеюіне ең қолайлы орындардың бірі болып табылады.
·         Жуынатын бөлмелер мен дәретханаларды тазалауға ерекше көңіл бөліңіз. Беткі қабаттарды зең саңырауқұлақтарының өсуіне жол бермейтін және олардың колонияларын жоятын арнайы құралдармен өңдеу ұсынылады. Мұндай өңдеу жұмыстары айына кем дегенде 1 рет, ал жуынатын бөлме кішкентай, желдеткіші жеткіліксіз және үнемі пайдаланылатын болса — аптасына 1 рет жүргізілуі тиіс. Қолданылатын құралдардың қауіпсіздігіне, экологиялылығына және гипоаллергенділігіне баса назар аударыңыз! Ғимаратта ылғалдың пайда болуына жол бермеңіз.
·         Төсек-орын жабдықтары, көрпелер, жастықтар мен матрастар міндетті түрде гипоаллергенділік талаптарына сай болуы керек. Тек өндірушілер тікелей аллергиясы, демікпесі бар және терісі сезімтал адамдар үшін арнайы әзірлеген төсек жабдықтарын ғана пайдаланыңыз.
·         Есіңізде болсын, үлбірлі (тері) және жұмсақ ойыншықтарда үй шаңының кенелері өте көп мөлшерде болады. Осы себепті олар баланың төсегінде болмауы тиіс. Егер бала ойыншықпен ұйықтайтын болса, оларды мезгіл-мезгіл 8-12 сағатқа мұздатқышқа салып қоюға болады.
·         Үй жануарларының аллергиясы бар адам үшін гипоаллергенді, аллергия тудырмайтын немесе қауіпсіз түрлері болмайды! Аллергия белгілерінің қарқындылығы үй жануарының тұқымына (түріне) немесе жүнінің ұзындығына байланысты емес екенін ұмытпаңыз. Жануардың іздері (қайызғағы, сілекейі, жүні және т.б.) бүкіл бөлмеде болады! Жануарды үйден шығарғаннан кейінгі тиімділік тек бірнеше аптадан, кейде тіпті айлардан кейін ғана байқалады.
·         Тұрмыстық химиямен жанасуды шектеңіз, ал бала үшін мұндай жанасуды мүлдем болдырмаңыз! Гипоаллергенді тазартқыш құралдар мен ұнтақтарды пайдалануға тырысыңыз. Өткір иісі бар заттарды (дезодорант, әтір, шашқа арналған лак және т.б.) баладан алыс жерде қолданыңыз.
·         Тіпті пассивті шылым шегуден де аулақ болыңыз. Пассивті шылым шегу аурудың асқынуына түрткі болатыны дәлелденген.
Әрине, бұл тізімді әрқайсыңыз аллергиялық реакцияларды бақылау кезіндегі өз қажеттіліктеріңізге сәйкес келетін жеке тармақтармен толықтыра аласыз. Бұл ақпарат Сізге, Сіздің сүйікті балаларыңыз бен жақындарыңызға жайлы, қауіпсіз және экологиялық таза орта қалыптастыруға көмектеседі деп үміттенеміз! Дендеріңіз сау болсын!


Иммунопрофилактика — жұқпалы аурулардан қорғану тәсілі.

Иммунопрофилактика — жұқпалы аурулардың таралуының алдын алудың және індеттердің болдырмаудың ең сенімді тәсілі. Вакцинацияның арқасында адамзат шешек, полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық, туберкулёз сияқты қауіпті ауруларды жойды немесе бақылауға алды. Бұрын бұл инфекциялар мыңдаған адамның өмірін қиған.
Екпелер ағзаны инфекциямен кездесуге алдын ала дайындайды. Егер адам вируспен немесе бактериямен кездессе, оның ағзасы онымен қалай күресу керектігін «біліп» тұрады. Соның нәтижесінде ауру не мүлде дамымайды, не жеңіл түрде өтіп, ауыр асқынуларға әкелмейді.
Екпелердің екі түрі бар. Біріншісі - алдын ала жасалып, қорғаныс қалыптастырады. Екіншісі - жұқтыру қаупі болған жағдайда шұғыл түрде жүргізіліп, ағзаны тез қолдауға көмектеседі.
Вакциналар сапа мен қауіпсіздік бойынша қатаң бақылаудан өтеді. Олар бүкіл әлемде қолданылады және өз тиімділігін дәлелдеген.
Қазақстан Республикасында профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесі қолданылады. Ол 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 Үкімет қаулысымен бекітілген. Әр адам белгіленген мерзімдерге сәйкес немесе жеке кесте бойынша жоспарлы екпелерді тегін алуға құқылы.
Күнтізбеге сәйкес вакцинация келесі ауруларға қарсы жүргізіледі: вирустық А және В гепатиттері, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, туберкулёз, эпидемиялық паротит, пневмококк және гемофильді инфекциялар, сондай-ақ адам папилломасы вирусы.
Қажет болған жағдайда құтыру, іш сүзегі, кене энцефалиті, оба, тұмау, сібір жарасы және туляремия сияқты инфекцияларға қарсы вакцинация жүргізіледі.
Соңғы уақытта әлемде және елімізде қызылша ауруының өсуі байқалады. Бұл ауа-тамшылы жолмен таралатын өте жұқпалы ауру. Егер бір адам ауырса, ол жанында болған екпе алмаған адамдардың көбіне жұқтыруы мүмкін.
Қызылшаның таралуының негізгі себептерінің бірі - екпе алмаған балалардың көп болуы. Вакцинация деңгейі төмендеген кезде инфекциялар қайтадан тез таралады.
Қызылша өзінің асқынуларымен қауіпті. Ол құлақтың, тыныс жолдарының және өкпенің қабынуын тудыруы мүмкін. Ең ауыр асқынуы — мидың зақымдануы. Бұл жағдай аурудан кейін бірнеше жыл өткен соң да дамып, ауыр зардаптарға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай жағдайдың тиімді емі жоқ.
Кейде екпелер аутизмге әкеледі деген пікірлер айтылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және көптеген зерттеулер вакцинация мен аутизм арасында байланыс жоқ екенін дәлелдеген.
Вакцинация тек бір адамды ғана емес, айналасындағыларды да қорғайтынын түсіну маңызды. Әсіресе бұл — кішкентай балалар, қарт адамдар және медициналық себептерге байланысты екпе ала алмайтын жандар үшін өте маңызды.
Вакцинация — жұқпалы аурулардан қорғанудың ең қауіпсіз әрі тиімді тәсілі.
Жыл сайын сәуір айының соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі. Оның мақсаты — екпелердің қауіпті инфекциялардан қорғанудың ең сенімді жолы екенін еске салу. Вакцинацияның арқасында көптеген жұқпалы аурулардың таралуы айтарлықтай азайды, алайда екпеден бас тартқан жағдайда олар қайтадан пайда болуы мүмкін. Бұл күндері медицина қызметкерлері халықты белсенді түрде ақпараттандырып, сұрақтарға жауап береді және әр адамға өз екпе мәртебесін уақытылы тексеріп, өзін ғана емес, өзгелерді де қорғаудың маңыздылығын еске салады.
Өз денсаулығыңызды және балаларыңыздың денсаулығын қорғаңыз — екпелерді уақытында алыңыз.

Иммунопрофилактика — защита от инфекций
Иммунопрофилактика — это самый надёжный способ предотвратить распространение инфекционных заболеваний и избежать вспышек. Благодаря прививкам человечество смогло победить или взять под контроль такие опасные болезни, как натуральная оспа, полиомиелит, дифтерия, столбняк, краснуха, туберкулёз и другие инфекции, которые раньше уносили тысячи жизней.
Прививки помогают организму заранее подготовиться к встрече с инфекцией. Если человек сталкивается с вирусом или бактерией, его организм уже «знает», как с ним бороться. Благодаря этому болезнь либо не развивается, либо проходит значительно легче и без тяжёлых последствий.
Прививки бывают двух видов. Первые делают заранее — чтобы сформировать защиту. Вторые применяют в экстренных ситуациях, когда есть риск заражения, — они помогают быстро поддержать организм.
Вакцины проходят строгий контроль качества и безопасности. Они используются во всём мире и доказали свою эффективность.
В Республике Казахстан действует календарь профилактических прививок, утверждённый постановлением Правительства № 612 от 24 сентября 2020 года. Каждый человек имеет право бесплатно получить плановые прививки в установленные сроки или по индивидуальному графику.
Согласно календарю, вакцинация проводится против следующих заболеваний: вирусный гепатит, А и В, дифтерия, коклюш, корь, краснуха, полиомиелит, столбняк, туберкулёз, эпидемический паротит, пневмококковая и гемофильная инфекции, а также вирус папилломы человека.
Кроме того, при необходимости проводится вакцинация против таких инфекций, как бешенство, брюшной тиф, клещевой энцефалит, чума, грипп, сибирская язва и туляремия.
В последнее время в мире и в нашей стране отмечается рост заболеваемости корью. Это очень заразное заболевание, которое передаётся воздушно-капельным путём. Если один человек болен, он может заразить большинство непривитых людей, находящихся рядом.
Одной из основных причин распространения кори является большое количество непривитых детей. Когда снижается уровень вакцинации, инфекции быстро возвращаются.
Корь опасна своими осложнениями. Она может вызвать воспаление уха, дыхательных путей и лёгких. Самое тяжёлое осложнение — поражение головного мозга, которое может развиться спустя годы после перенесённой болезни и привести к тяжёлым последствиям и даже смерти. К сожалению, эффективного лечения такого состояния не существует.
Иногда можно услышать мнение, что прививки вызывают аутизм. Это не так. Всемирная организация здравоохранения и многочисленные исследования доказали, что связи между вакцинацией и аутизмом нет.
 
Важно понимать: вакцинация защищает не только одного человека, но и окружающих — особенно маленьких детей, пожилых людей и тех, кто не может привиться по медицинским причинам.
Вакцинация остаётся самым безопасным и эффективным способом защиты от инфекций.
Ежегодно в конце апреля проходит Европейская неделя иммунизации — информационная кампания под эгидой Всемирная организация здравоохранения. Её цель — напомнить, что прививки остаются самым надёжным способом защиты от опасных инфекций. Благодаря вакцинации удалось значительно снизить распространение многих инфекционных заболеваний, однако при отказе от прививок они могут возвращаться. В эти дни медработники особенно активно информируют население, отвечают на вопросы и напоминают: важно вовремя проверять свой прививочный статус и защищать не только себя, но и окружающих.

Берегите своё здоровье и здоровье своих детей — своевременно проходите вакцинацию.


Артериялық гипертензияның алдын алу — денсаулық кепілі

Артериялық гипертензия — қазіргі таңда ең жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары ауруларының бірі. Бұл дерт кезінде қан қысымы қалыпты деңгейден жоғарылап, адам денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Мамандар гипертензияны «үнсіз жау» деп атайды, себебі ауру көп жағдайда бастапқы кезеңде белгісіз өтеді. Уақытында алдын алу шараларын жүргізу инсульт, инфаркт және жүрек жеткіліксіздігі секілді ауыр асқынулардың алдын алады.
Дәрігерлердің айтуынша, ересек адамның қалыпты қан қысымы — 120/80 мм сын. бағ. шамасында болуы тиіс. Егер қысым ұзақ уақыт бойы 140/90 мм сын. бағ.-дан жоғары болса, бұл артериялық гипертензияның белгісі болуы мүмкін.
Гипертензияның пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, қозғалыстың аздығы, темекі шегу, алкогольді шамадан тыс пайдалану, созылмалы стресс және тұқым қуалаушылық бар.
Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы — салауатты өмір салтын ұстану. Ең алдымен, тұзды тағамдарды азайтып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну қажет. Майлы және қуырылған тағамдарды шектеу де қан қысымын тұрақты ұстауға көмектеседі.
Сонымен қатар, тұрақты дене белсенділігі маңызды рөл атқарады. Күніне кемінде 30 минут жаяу жүру, жеңіл жаттығулар жасау жүрек жұмысын жақсартып, қан айналымын реттейді.
Дәрігерлер темекіден толық бас тартуға және алкогольді мөлшерден тыс қолданбауға кеңес береді. Зиянды әдеттер қан тамырларының тарылуына әкеліп, қан қысымының жоғарылауына себеп болады.
Стресті басқару да гипертензия профилактикасының маңызды бөлігі. Уақытылы демалу, жеткілікті ұйқы және жағымды эмоциялар адамның жалпы денсаулығына оң әсер етеді.
Әр адам қан қысымын тұрақты бақылап отырғаны жөн. Әсіресе 40 жастан асқан азаматтар жылына кемінде бір рет дәрігерлік тексеруден өтуі керек. Ерте анықталған гипертензияны бақылауда ұстап, асқынулардың алдын алуға болады.

Денсаулық - адам өміріндегі ең қымбат байлық. Сондықтан артериялық гипертензияның алдын алу әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс.


Кене энцефалитінің алдын алу

 
Көктем мен жаз мезгілінде күн жылып, адамдар табиғат аясында демалып, қала сыртында серуендеуді ұнатады. Алайда мұндай уақытта кене шағу қаупі бар екенін естен шығармау қажет. Сондықтан табиғатта демалу кезінде сақтық шараларын сақтау өте маңызды. Кенелер адам денесіне жабысып, қан сорған кезде түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын таратуы мүмкін. Олардың қатарына кене энцефалиті, кене риккетсиозы және иксодтық кене боррелиозы (Лайм ауруы) жатады. Осы аурулардың ішінде ең қауіптісі - кене энцефалиті.
Кене энцефалиті - орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жіті табиғи-ошақтық жұқпалы ауру. Ауру ауыр түрде өтіп, жүйке жүйесінің зақымдануына, сал ауруына, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ауру өліммен аяқталуы да ықтимал.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Өскемен қаласында кене энцефалитінің 9 жағдайы тіркелген, ал 2024 жылы 3 адам сырқаттанған. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру нәтижесінде науқастардың кене шағу арқылы жұқпаны эндемиялық аумақтарға жататын Катонқарағай ауданы Жазаба ауылында, Риддер қаласындағы Үлбі өзені маңында, Өскемен қаласының Понтон көпірі маңында және Глубокое ауданында жұқтырғаны анықталған.
Естеріңізге саламыз, Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің табиғи ошақтары 9 қала мен аудан аумағын қамтиды. Олар: Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Самар, Үлкен-Нарын, Ұлан, Шемонаиха аудандары, сондай-ақ Риддер және Өскемен қалаларының маңы.
Сондықтан, көктем-жаз мезгілі кезінде жоғарыда аталған аумақтарға қыдырып, жұмыс бабымен барған кезде абай болу қажет, қарапайым сақтық шараларын мұқият орындап, кененің шағуына жол бермеу керек.
Кене энцефалитін жұқтыру қаупі адамның жасы мен жынысына қарамастан барлығына бірдей төнеді, әсіресе орманды аймақтарда жұмыс істейтін адамдар үшін қауіпі жоғары. Оларға: орман шаруашылығы қызметкерлері, демалыс орындарының жұмысшылары, жол және теміржол құрылысының қызметкерлері, аңшылар және кене энцефалиті тіркелетін аймақтарға барған адамдар жатады.
Кене шаққан кезде вирус қан арқылы адам ағзасына еніп, ми мен жұлынды зақымдайды. Ауру бірден байқалмайды. Кене шаққаннан кейін әдетте 7−14 күн аралығында жасырын кезең өтеді. Осы уақыт аралығында вирус ағзада дамып, көбейеді. Ауру басталған кезде адамның басы қатты ауырып, дене қызуы 38−39 градусқа дейін көтеріледі, жалпы әлсіздік пен уыттану белгілері байқалады (жүрек айну, құсу). Аурудың 2−3 күні кейбір науқастарда мойын, қол және кейде аяқ бұлшықеттерінде әлсіздік пайда болады. Бет, мойын және қол бұлшықеттерінде құрысу байқалып, кейін аяқ-қолдың салдануы мүмкін. Сондай-ақ жарық пен дыбысқа сезімталдық артады.
Егер кене шаққаннан кейін аталған белгілер байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауру ерте анықталып, дер кезінде ем жүргізілген жағдайда науқастың толық сауығып кету мүмкіндігі жоғары.
Кене энцефалитінің вирусы қайнатылмаған ешкі немесе сиыр сүті арқылы да жұғуы мүмкін. Сондықтан сүтті міндетті түрде қайнатып ішкен дұрыс. Барлық кенелер жұқпалы ауру таратпауы мүмкін, бірақ олардың сыртқы түріне қарап ажырату қиын болғандықтан, кез келген кенеден сақтану қажет.
Кенеден қалай сақтану керек?
●       табиғатқа шыққанда кенелердің киімнің астына кірмеуі үшін жеңі ұзын киім киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, көйлектің етегін шалбарға, ал шалбардың балағын шұлыққа салып алған дұрыс. Кенені тез байқап қалу үшін киімнің ашық түсті болғаны жөн;
кенелер денеге жабысып, қан сору үшін қолайлы жер іздейді, оған шамамен 1−1,5 сағат уақыт кетеді. Сондықтан, әр сағат сайын шаш арасын, құлақ, қолтық пен шап маңайын мұқият тексеріп отыру қажет;
●       табиғатқа шығар алдында дененің ашық жерлеріне және киімге кенені денеге жолатпайтын арнайы репелленттерді (крем, лосьон, аэрозоль) қолданған дұрыс. Оларды дәріханалар мен дүкендерден сатып алуға болады;
●       орманды жерлерде демалғанда қалың шөп пен бұталардан алыс, күн көбірек түсетін ашық жерлерді таңдаған жөн. Демалатын орынды құрғақ шөптер мен бұталардан тазарту керек;
●       табиғаттан оралған соң денені, киімді, әкелген заттарды және гүл шоқтарын мұқият тексеру қажет.
Адамның денесіне қадалған кене болса, оны өте мұқият алу қажет. Себебі кененің тұмсығы үзіліп, тері астында қалып қоюы мүмкін.
●       кенені пинцетпен тұмсығына жақындатып ұстап, жайлап бұрап шығару қажет. Пинцет болмаған жағдайда жіппен тұмсығына жақын байлап, ақырын бұрап алу керек;
●       кененің шаққан орнын йод ерітіндісімен немесе спиртпен сүрту қажет;
●       кенені алғаннан кейін қолды сабындап мұқият жуу керек;
●       кене шаққан күннен бастап 4 күннен кешіктірмей медициналық көмекке жүгіну қажет.
Алынған кенені лақтырып жібермеу керек — оны жұқпалы ауру қоздырғыштарының бар-жоғын анықтау үшін зертханаға тапсыруға болады. Бұл профилактикалық мақсатта кенеге қарсы иммуноглобулин алу туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесі теріс болған жағдайда иммуноглобулин енгізілмейді.
Кенелерді қабылдау келесі мекенжай бойынша жүзеге асырылады: Н. Назарбаев даңғылы, 17. Жұмыс күндері сағат 08:00-ден 16:42-ге дейін (түскі үзіліс 13:00-ден 14:00-ге дейін) кенені 5-қабаттағы аса қауіпті инфекциялар зертханасына тапсыруға болады. Жұмыс уақытынан тыс, сондай-ақ демалыс және мереке күндері кенені ғимараттың негізгі кіреберісіндегі кезекші күзетшіге тапсыруға болады. Қосымша ақпарат алу үшін 8 705 752 79 67 телефонына хабарласуға болады.
Кене шаққан жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсететін тәулік бойы жұмыс істейтін пункттердің мекенжайлары:
1.     Ересектер үшін — ШҚО ДСБ «№ 4 қалалық аурухана» ШЖҚ КМК, Серікбаев көшесі, 1/5;
2.     Балалар үшін — «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК, Қазыбек би даңғылы, 11.
 

Ескерту! Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз!



Made on
Tilda